Астанада 15-қабатта кондиционер орнатқан жігіттің аяғы тайып, кронштейнге ілініп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада құтқарушылар ер адамды 50 метрге жуық биіктіктен құтқарды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада 15-қабатта кондиционер орнатқан жігіттің аяғы тайып, кронштейнге ілініп қалды
Фото: Видеодан скрин / ЖИ

Есіл ауданындағы Сауран көшесінде тұрғын үй кешенінің 15-қабатында кондиционер орнату кезінде жұмысшы құлап кетіп, қауіпті жағдайда қалған. Ол кондиционердің кронштейнінен ұстап тұрып қалған.

— Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері автосатының көмегімен 1990 жылы туған ер адамды қауіпсіз жерге түсірді, — делінген хабарламада.

Министрлік биіктікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажет екенін ескертті.

Бұған дейін Астанада полицей балконнан құлаудың алдында тұрған қызды құтқарып қалған болатын.

Ал Атырауда лифт құлап, үш адам ауруханаға жеткізілді.