«Қызылжар Су» ЖШС-нің атқарушы директоры Арман Сауытовтың айтуынша, 16 ақпан күні сағат 14.00-де Петропавлдағы Универсальный көшесінің бойында Д=800 мм су құбырының жарылғаны туралы хабар түскен.
«Тексеру кезінде «Диқаншы» фирмасының маңындағы теміржолдың қасында судың ағып жатқанын көрдік. Сондықтан барлық күшті осы апат орнына жұмылдырып, далаға аққан суды 40 минуттың ішінде тоқтаттық. Кейін сусыз қалған Жұмысшы кенті мен Береке, Вокзал маңы шағын аудандарына су беру мәселесін шешуге кірістік. Түні бойы жұмыс істеп, тек бүгін таңғы 5.00 шамасында су бердік. Сағат 10.00 кезінде су Петропавлдағы барлық пәтерде болды. Қазіргі уақытта тұрғындардан шағым түсіп жатқан жоқ. Су қысымы қалыпқа келді», - дейді Арман Сауытов.
Қазіргі уақытта кәсіпорын жұмысшылары апат орнында жүр. Әзірге ақау орны табылған жоқ.
«Жаңа құбыр 2009 жылы салынған болатын. Бір ерекшелігі – ескі құбырдың ішінен жаңа құбыр тартылған. Сондықтан бұл - жұмысты қиындатып жатыр.
Әзірге осы – оңтүстік-шығыс су құбырын жазға дейін қоспаймыз деп шештік. Өйткені бұл оңтүстік-шығыс су құбырында осымен үшінші рет апаттық жағдай орын алып отыр. Әзірге құбырдың неден жарылғанын айту қиын. Біздің ойымызша, табиғи жағдай себеп болуы мүмкін. Өйткені қар кеш түсті, жер қабаты қатып қалды. Әрі құбырдың ішінен құбыр жіберілуі де дұрыс болмады. Құбыр ойнамалы, оған теміржолдың қасында жатуы да себеп. Әрі пластик құбырлар жаңа пайда бола бастаған кез, мүмкін сапасыз материал қолданылған болар», - дейді кәсіпорынның атқарушы директоры.
Маманның айтуынша, бұл су құбыры 1980 жылдардың басында теміржолшылардың өтінішімен пойыздарға су құю үшін салынған екен.
Тозығы жеткеннен кейін жаңғыртылған. Ұзындығы - шамамен 3 км.
Жалпы қазіргі уақытта Петропавлда су құбырларының 57 % тозығы жеткен.
Кадрдан алынған видео instagram.com/zhkh.petropavlovsk