Петропавлда өткір жағымсыз иіс пайда болып, тұрғындардың мазасын қашырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қала тұрғындары кеш болса жағымсыз иістің салдарынан далаға шыға алмай, терезені жауып отыруға мәжбүр. Петропавл тұрғындары бірер аптадан бері ауада жағымсыз иістің пайда болғанын айтып, шағымданып жатыр. Өткір иіс қаланы түгел жайлап, әсіресе кешкі және түнгі уақытта күшейеді. Тұрғындардың айтуынша, бұрын шіріген жұмыртқаның иісі шықса, қазір малдың қиына ұқсас өткір иіс қолқаны қабады.

Фото: pkzsk.info

Солтүстік Қазақстан облыстық экология департаментінің мәліметінше, оларға атмосфералық ауа сапасы нормативтерінің бұзылғаны немесе ауаға зиянды заттардың таралу фактілері жөнінде ақпарат түспеген.

— AirKZ қосымшасының деректеріне сәйкес, соңғы күндері көрсетілген уақыт аралығында ауа құрамындағы ластаушы заттардың шекті жол берілген концентрациядан асқаны анықталмады, — дейді экологтар.

Бұған дейін Петропавлда сарқынды су жиналатын «Биотоған» күн жылынса күкіртсутек бөліп, ауаны ластап келді. 2021 жылы жағымсыз иісті жою үшін «Қызылжар-Су» ЖШС «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-мен келісімге отырып, биотоғанға хлорелла микробалдырларын салды. 

Жоба бастапқыда үш жылға шақталғанымен, сарқынды су жиналатын тоған әлі де хлорелламен тазартылып жатыр. 

— Петропавлдағы жағымсыз иіске қатысты біздің кәсіпорынға ешқандай шағым түскен жоқ. «Қызылжар су» ЖШС-нің барлық нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Биотоғанға хлорелла енгізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілу үстінде.
Ауа райының ыстық болуына байланысты әртүрлі нысандардан шығатын иістер күштірек сезілуі мүмкін. Сондықтан жағымсыз иістің шығуына бір ғана біз себепкер емеспіз, — дейді «Қызылжар су» ЖШС өкілдері.

Бұған дейін Атырауда жағымсыз иіске байланысты ауа сапасы тексеріліп жатқанын жазған едік.