Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Проекциялық жаңа жүргіншілер өткелі Петропавлдың ҚИзатов көшесінде, «City Mall» сауда орталығына қарама-қарсы орнатылған. Автоматтандырылған цифрлық жүйе кесіп өтпек болған жүргіншілерге жолды жарықтандырады. Ал ақ-сары түсті жарық көлік жүргізушілеріне 100 метр қашықтықтан көрінеді екен.
«Әдетте жаңбыр, тұман, боран – жол қозғалысын қиындатып, қауіпті арттырады. Жүргіншілер өткелдері қыста қар астында қалып, дұрыс көрінбей жатады. Ал бұл жаңашылдығымыз ауа райына тәуелсіз жұмыс істейді деуге болады. Оны орнатқандағы мақсатымыз да жол-көлік оқиғаларын азайту», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Проекциялық жаңа жүргіншілер өткелі бұл учаскеге кездейсоқ қойылмаған. 19-20 ықшам аудандарды бөліп жатқан жолда көлік ағыны көп. Әрі ірі сауда орталықтары шоғырланған.
«Облыс полицейлері азаматтардың өтініштері бойынша ғана емес, жол инфрақұрылымын оңтайландыру, жол қозғалысын қауіпсіздендіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асты. Қазір оның жұмысына талдау жүргізіледі, оң нәтижесі болған жағдайда қаланың басқа учаскелерінде, соның ішінде жол апаттары жиі тіркелетін қауіпті көшелерде, аудан орталықтарында орнату мәселесі шешіледі», - дейді Серік Әлжанов.
СҚО жолдарында жыл басынан 236 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 34 адам қаза тапты, 304-і жарақаттанды.