Петропавлда тасқыннан зақым келген сорғы стансасы 4 метрлік габионмен нығайтылып жатыр

Фото: Фото: "Қызылжар Су" ЖШС

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы көктемде су тасқыны кезінде зақымданған бірінші қосалқы сорғы станциясы толық қайтадан жаңғыртылды. Бүгінгі таңда сорғы станциясының ғимараты бойынша жалпы құрылыс жұмыстары аяқталды.

«Қызылжар су» ЖШС директоры Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, әлі де атқарылар жұмыс аз емес. Желтоқсанның бірінші онкүндігінде бекіту арматурасының сорғы агрегаттарын жеткізу жоспарланған. 

«Біздің өңірде алғаш рет нығайту жұмыстарына габион қолданылып жатыр. Стратегиялық нысанды қорғайтын бөгеттің биіктігі 4 метр болады. Қазір нығайту жұмыстары жүргізілу үстінде.

Резервтік жер асты кабельдерін төсеу жұмыстары аяқталды. 800 кВт дизель генераторы орнатылады. Нәтижесінде бұл - заманауи сорғы агрегаттары мен биіктігі 4 метр қорғаныс бөгеті бар мүлдем жаңа сорғы стансасы болады», - дейді Жеңіс Сұлтанов.

Барлық жұмысты мердігер компаниялар – «Стоунхедж Контракшн» ЖШС және «Бука» ЖШС атқарып жатыр. 

Естеріңізге салайық, көктемгі тасқын кезінде Петропавлды сумен қамтып тұрған кәсіпорынның сорғы стансасын су шайып кетті. Тасқынмен келген мұз бірінші көтергіш стансасына қуат беретін электр желісінің бағандарын құлатып, қала сусыз қалды

Мәселені шешу үшін балама су көздерін іздеуге тура келді

Петропавлда жергілікті билік балама су көзін қосып, тұрғындарды сумен қамту мәселесін екі күн ішінде шешті