Петропавлда тасқыннан зардап шеккендердің бір бөлігі әлі күнге баспанасыз жүр

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда көктемгі тасқын кезінде үйі суға кеткен 25 отбасы құжаттарының жоқ болуына байланысты баспана ала алмай отыр.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, бұл тұрғындар үйлерін өз аттарына түсіріп, құжаттарын түгендеуге асықпаған. Мәселен, Ойқала ықшам ауданында тұрған Валентина Владимирова 20 жыл бойы баспанасыз ресімдемеген. Көктемде үйі суға кетіп, тұруға жарамсыз деп танылғанда, мәселе туындаған.

- Тасқыннан зардап шеккендерге баспана беру тәртібі бар. Белгілі бір құжаттарды жинап тапсыруы керек. Соның ішінде апатты деп танылған үйдің өтініш жазған адамның атында екені расталуы тиіс. Құжаттар толық болмағандықтан, қате шыққандықтан бірнеше рет кері қайтарылды.

Мұндай мәселе 25 отбасында туындады.

Құжаттарын түгендегесін-ақ мәселе шешімін табады, баспана сатып аламыз немесе жалға беру-коммуналдық қордан беріледі, - дейді әкімдік өкілдері.

Естеріңізге салайық, СҚО-да биыл көктемдегі жағдай қайталанбас үшін, бөгеттер нығайтылып жатыр. Биыл су басқан елді мекендердің айналасы ғана емес, стратегиялық нысандар маңында да бөгеттер тұрғызылды

Петропавлдағы «Биотоған» — сарқынды су жинақтағыш айналасындағы бөгет биіктетіліп, су шаймас үшін бетон плиталармен нығайтылды