Петропавлда төбелескен жастардың бірі бытыра оғынан жараланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының полиция қызметкерлері бұзақылыққа қатысы бар облыс орталығының үш тұрғынын қамауға алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тергеу барысында екі жас жігіт арасында кикілжің туындап, екеуі де өз достарын шақырғаны анықталған. Ақыры, екі тараптың қақтығысы сөзбен шешілмей, соңы төбелеске ұласқан. Осының салдарынан төбелеске қатысқандардың біріне бытыра оғы тиген, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

«ҚР Қылмыстық кодексінің «кісі өлтіруге талпыну» және «бұзақылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ізін суыта қоймаған күдіктілердің бәрі қолға түсіп, уақытша оқшаулағышқа қамалды», - делінген хабарламада.

Аталған қылмыстық істің тергеу барысы СҚО ІІД мен облыстық прокуратураның жіті бақылауына алынған.