Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру рәсімінде мектептің төбесі құлады

Фото: Анастасия Дроняк

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы № 9 орта мектептің төбесі құлады, зардап шеккендер жоқ.

Мектеп директоры Гүлден Аленованың айтуынша, акт залының төбесі ішінара құлаған. Салтанатты іс-шара соңына таяп, оқиға кезінде барлық түлек соңғы әнді айтуға сахнаға шыққан екен. 

Фото: Анастасия Дроняк

— Бүгін 57 түлек аттестат алды, олардың екеуі «алтын белгіден» үміткер, біреуіне ерекше үлгідегі аттестат тапсырылды. Балалардың барлығы сахнада болды. Сексен шақты ата-ана болды. Ал акт залының төбесі құлаған арт жағында ешкім болған жоқ. Төбені қаптаған «армстронг» плитасы құлады. Қазір тексеріліп жатыр, соның нәтижесі бойынша шара қолданылады, — дейді мектеп басшысы.

Фото: Анастасия Дроняк

Мектеп басшысының айтуынша, ғимараттың салынғанына 40 жылға жуықтаған.

Фото: Анастасия Дроняк

1,5 мың оқушы оқитын білім ордасында осы аптада ағымдағы жөндеу жұмысы басталуы тиіс болатын. Ал акт залының төбесі бұл плиталармен бес жыл бұрын қапталған екен.

Фото: Анастасия Дроняк

Естеріңізге салайық, бұған дейін Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы № 6 мектепте сабақ уақытында сыныптың төбесінің сылағы құлап, салдарынан үш оқушы ауруханаға түскен еді.