Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Аққайың ауданының 42 жастағы тұрғыны арызданған. Оны белгісіз біреу Петропавлдағы мейманханалардың бірінің алдында тонап кеткен.
«Мейманханадан шыққан ауыл тұрғынының қолында 7 мың теңгесі болған. Оған бейтаныс адам келіп темекі сұраған, кейін қолындағы ақшасын тартып әкеткен. Жәбірленушінің көзі нашар көреді, мүгедек, сол себепті қылмыскердің түсін түстеп бере алмады», - дейді Бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері.
Десе де, зағип жанға жасалған шабуыл бір сағатқа жетпей ашылды. Полицейлерге қонақ үйде орнатылған сыртқы бейнекамералардан алынған жазба көмектесті. Тез арада күдіктінің түр-әлпеті құрастырылды.
«Іздестіруге кіріскен сақшылардың жұмысы нәтижелі болды. Күдікті қолға түсті. Ол ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған Қызылжар ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің бастығы Балабек Жахин.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.