Петропавлдағы тарихи нысандардың кейбірі апатты жағдайда тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда соңғы бес жылда қала аумағында орналасқан барлық ескерткіш тексерілді. Мониторинг барысында кей тарихи нысандарға күрделі жөндеудің қажеттігі анықталған, тіпті апаттық жағдайда тұрғандары да бар. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесі отырысында айтылды.
СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директоры Асқар Жәменовтің айтуынша, Петропавлда 107 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның ішінде 4 ескерткіш республикалық мәртебеге ие, олар: «Абылай хан резиденциясы», Янгузаров көпестің үйі, Юзефович көпестің үйі және Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші.
«2019-2024 жылдар аралығында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы қала құрылысы ескерткіштеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Мәселен Қарасай мен Ағынтай батыр ескерткіші тұғырының қаптау-гранит плиткаларын ауыстыру қажет. Жоспарланбағандықтан, бюджеттен қаржы бөлінбеді. «Қоныс аудару пункті» апатты жағдайда тұр. Петропавл қаласы әкімдігінің меншігінде, келесі жылы жөндеу жоспарланған. «Баженов көпестің үйі» — ол да Петропавл қаласы әкімдігінің меншігінде, ескерткіштің қазіргі жай-күйін сипаттайтын хат СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жолданды. «Дмитриев көпестің үйі» жеке меншік иелігінде болған, иесі қайтыс болды, бүгінде Жусан банкте кепілде тұр. Апатты жағдайда тұрған нысанды бірнеше жыл бойы банкпен және қала әкімшілігімен ескерткішті иесіз деп тану және қала балансына қою туралы бірнеше рет келіссөз жүргізіліп жатыр», — дейді Асқар Жәменов.
Орталық директорының айтуынша, апаттық жағдайда тұрған «Шулепов көпестің үйі» ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2032 әскери бөліміне қарайды. Қазіргі уақытта Шекара қызметінің өкілдерімен консультативтік жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Мердігер Пироговтың үйіне» де жөндеу қажет. Жеке меншіктегі нысан нөсер кәрізінің болмауына байланысты жаңбыр жауып, қар еріген кезде суда қалады. Ескерткішке жөндеу жұмысы қажет.
«Орталық, тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау және жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізеді. Жұмыстар бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес бұл жұмыс түрлерін лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар жүргізеді», — дейді орталық директоры.
Асқар Жәменовтің айтуынша, биыл Петропавлда 3 нысанда жөндеу-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Олар — XX ғасырдың басында салынған «Янгуразов көпестің үйі», «Энергетиктер мәдениет үйі» және XIX ғасырдың 2-ші жартысына қарайтын мешіт.
Естеріңізге салайық, Петропавлдағы халық арасында «қалыңдық үйі» деген атпен танымал Янгузаров көпестің үйін жөндеуге биыл 200 млн теңге бөлінді.