Петропавлдағы «Қалыңдық үйі» 200 млн теңгеге жөнделіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы ғасырдан астам тарихы бар «Қалыңдық үйі» күрделі жөнделіп жатыр. Янгузаров көпестің үйін қалпына келтіруге 200 млн теңге қаражат бөлінген.
Тұрғындар қазірдің өзінде ғимараттағы өзгерістерді байқап, сырланған түсіне қатысты түсініспеушілік танытып жатыр. Ал тарихи нысанмен жұмыс істеп жатқан алматылық Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары үйдің бастапқы кейпін қаййтармақ.
Мердігер компания жұмысқа биыл наурыз айында кіріскен. Бел шешпей жұмыс істеп жатқан мамандар түрлі қызықты жайттарға куә болып жатқанын айтады.
«Бұл бірегей ескерткіш. Реставрациялық жұмыс барысында біз керемет сақталған альфрейлі жазбаны таптық. Үйдің төбесі, қабырғалары осы жазбамен безендірілген екен. Бір ерекшелігі — мұндай жазбалар еліміз бойынша қазір еш жерде сақталмаған шығар. Ғимарат көп уақыт бойы бос, әрі суда тұрды. Соған қарамастан ғимараттың бірегейлігі бірнеше қабат бояудың астында жақсы сақталған екен. Бүгінде біз бұл жазбаларды толық аштық. Бір қызығы — әр бөлме ерекшеленеді, жазбаларға қарап, бөлменің қандай қызмет атқарғанын білуге болады», — дейді Қазақ материалдық мәдениет ғылыми — зерттеу және жобалау институының жетекшісі Ринат Кутдусов.
Ғимарат модерн стилінде салынған. Алайда сәулетші Янгузаровтың өтінішімен бірқатар өзгеріс енгізген сыңайлы.
«Модерн стилінде бет-бейнелерді қолданады, бірақ Янгузаров мұсылман болғандықтан, ол адамның бет-бейнесінің орнына гүлдерді салғызған. Осылайша бұл ғимарат өз алдына сәулетімен ерекшеленеді, сондай-ақ эклектиканы — Ислам және Еуропа мәдениетінің тоғысқанын көреміз. Тарихи ескерткішті зерттеу барысында біз үйдің безендірілуінде ақ түстің мүлде қолданылмағанын байқадық. Мұнда біздің көзіміз үйренген ақ төбе болмаған. Қабырға-төбедегі жазбалардың түстері де ерекшеленеді. Ал ғимараттың сыртын тазарту барысында біз оның алғашқы түсін табуды мақсат еттік. Яғни салынған кездегі түсі. Әр элементін тазалау арқылы негізінен охра түстер, жасыл түс қолданылғанын көрдік. Бұл түстер ислам мәдениетінде жиі қолданылады», — дейді Ринат Кутдусов.
Ғимараттың тағы бір ерекшелігі — терезелері. Мамандар оны да бәз күйінде сақтап қалмақ. Жалпы заманауи материалдарды қолданудан бас тартып, барынша алғашқы кейпіне жақындатпақшы.
«Үйдің сыртқы жұмыстары барысында гипстен жасалған керемет бұйымдарды көрдік, бірақ, өкінішке орай, ол толық көлемде сақталмаған, кейбірінің бөлшектері ғана қалған. Біз ғимараттың сәулетшісі жоспарлаған картушты қалпына келтіруді міндет етіп алып, сол бөлшектері арқылы жинадық. Бұған дейінгі қалпына келтіру жұмыстары барысында ол алынып, орнына басқа материал қолданылған екен. Үйдің сыртындағы раушан гүлдерін қалпына келтірдік. Жалпы жұмысты бітірісімен біз бұл ғимаратты безендіруде қанша гүл қолданылғанын есептемекпіз. Шамалауымызша 100 шақты гүл салынып, қолданылған», — дейді мердігер.
Қазір олардың алдында ескерткіш ғимаратты жыл соңына дейін қалпына келтіріп, тапсыру міндеті тұр.
«Керемет жазбаны тапқандықтан, бұл ғимаратта жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі атқарылатыны сөзсіз. Көпке дейін мұндай әдемілік бірнеше қабат бояудың астында жасырын жатты, біз оны көпшілікке көрсеткіміз келеді. Бізге бастапқыда сыртын, ішін жөнге келтіру міндеті тұрды. Қабырғаларын, төбесін сырлауымыз керек еді. Бірақ жұмысқа кіріскенде бірқатар проблема бар екенін көрдік. Ғимарат көп уақыт бойы суда тұрып қалған. Сондықтан ең алдымен ол судың қайдан келіп жатқанын анықтамақ болып, іргетасын тексердік. Бұған дейін үй бірнеше рет реставрацияден өткенімен, оның іргетасына ешкім мән бермеген, салдарынан футбол добы сыятындай тесіктер пайда болып, сол арқылы су кірген. Дренаждық жүйесі де істен шыққан. Мұның бәрін жөндедік», — дейді Ринат Кутдусов.
Бұған дейін Янгузаров көпестің үйі мемлекет меншігіне өтіп, ғимаратта тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану орталығы орналасқанын жазған едік.