Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Петропавл қаласында қоршаған ортаға барынша әсер ететін «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2 кәсіпорнының қызметі туралы» брифинг өтті.
Петропавл жылу-электр орталығы – Солтүстік Қазақстанда ауаны ең көп ластайтын кәсіпорын. Қоршаған ортаға түсетін зиянды заттардың шамамен 70% осы нысанға тиесілі.
«Жылу-электр орталығы – қоршаған ортаға елеулі теріс әсер ететін бірінші санаттағы нысанға жатады. Шығарындылардың негізгі көзі – станцияның қазандық агрегаттарында көмір мен мазутты жағу салдарынан пайда болатын түтін газы.
Кәсіпорынның былтыр 50,7 мың тонна ластаушы заттар шығаруға рұқсаты болды, бірақ норматив көлемінің тек 36,1% ғана пайдаланды. Ауаға тараған зиянды шығарындылардың көлемін 2021 жылмен салыстырғанда 27,8%, яғни 25,4 мың тоннадан 18,3 мың тоннаға дейін азайтты», - дейді «Севказэнерго» АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Николай Максимов.
Стратегиялық нысан жылу және электр энергиясын өндіруге қажет көмірді тұтынуды 3,5%, мазутты тұтыну 17,9% төмендетті.
«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін «Севказэнерго» АҚ өз жұмысының қоршаған ортаға әсер ету деңгейін төмендетуге және өз кәсіпорындарының экологиялық тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жоспарлайды және оны іске асырады. Былтыр осы мақсатқа жұмсалған шығындардың жалпы сомасы күрделі жөндеулерді есепке алмағанда 1 млрд теңгені құрады.
Соның ішінде атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған ең маңызды табиғатты қорғау шаралары: күл ұстағыш қондырғылардың, ауа өткізгіштердің, газ өткізгіштердің тозған элементтері жөнделды, нақты уақыт режимінде өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған станцияларының жұмыс істеуі қамтамасыз етілді, №2 және № 3 күл үйіндісінің қоршау бөгеті салынды, энергия нысандарын жаңғырту және салу барысында пайда болған қалдықтарды жинау орындары ұйымдастырылды және кәсіпорынның санитарлық-қорғаныс аймағына үйеңкі мен қарағанның 1400 көшеті отырғызылды», - дейді Николай Максимов.