Пхукетте Қазақстан азаматтары мінген қайық апатқа ұшырады

Фото: Facebook/ Phuket Times

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Тайландтың Пхукет аралында Қазақстан азаматтары мінген қайық апатқа ұшырағаны белгілі болды. Мұны Kazinform тілшісіне Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Ведомствоның мәліметінше, қайықта Қазақстанның сегіз азаматы отырған. Зардап шеккен барлық адамға жедел медициналық көмек көрсетілді.

Қазіргі уақытта Қазақстанның үш азаматы ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында.

— Олардың жағдайы тұрақты. Шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді, — делінген хабарламада.

Сыртқы істер министрлігі консул азаматтармен тұрақты байланыс орнатып, оларға қажетті қолдауды көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтарда Пхукет маңындағы Андаман теңізінде қайық пен балық аулайтын кеме соқтығысқанын жазғанбыз. Оқиға салдарынан 23 турист жарақат алып, 18 жастағы ресейлік көз жұмғанын хабарлағанбыз.