Пхукетте нөсер жаңбырға байланысты қауіп күшейді

АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Пхукет қаласының әкімдігі толассыз нөсер жаңбырға байланысты қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды The Nation басылымы.

Фото: The Nation

Жергілікті биліктің мәліметінше, нөсер жаңбыр мен көршілес аудандардан келген су Банг Яй каналындағы су деңгейін күрт көтерген. Жауын-шашын жалғаса берсе, канал тасып, тұрғын үйлерді су басуы мүмкін.

Таиланд метеорология департаментінің болжамынша, елдің оңтүстік жағалауының 70 пайыз аумағында найзағай ойнап, Пхукеттің кейбір аудандарында қатты нөсер жаууы мүмкін.

Ал Таиландтың Су ресурстары жөніндегі ақпараттық институты Пхукетті қоса алғанда, елдің 10 провинциясындағы жағдайды жіті бақылау қажет екенін ескертті.

Билік тұрғындарды ресми ескертулерді қадағалап, сақтық шараларын ұстануға шақырды. Сондай-ақ шағын кемелердің иелеріне теңізге шықпау ескертілді.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Таиландта болған ауқымды су тасқынынан сегіз адам қаза тапты. Табиғи апат елдің ондаған провинциясын, соның ішінде Бангкокты қамтыды. Қаладағы барлық 50 аудан апат аймағы деп жарияланды.

Сонымен қатар бұған дейін Ыстанбұлда мыңнан астам үйді су басып, 15 көшкін жүргені хабарланған болатын.