Қауіптің «сары» деңгейі: Ыстанбұлда мыңнан астам үйді су басып, 15 көшкін жүрді
АСТАНА. KAZINFORM — Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ыстанбұл халықаралық әуежайына бағыт алған 40-тан астам ұшақ басқа әуежайларға қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Report.
Ведомствоның дерегінше, 16 рейс Анкара әуежайына, 10 рейс Измир әуежайына, ал тағы 8 рейс Ыстанбұлдың Азия бөлігінде орналасқан Сабиха Гөкчен әуежайына бағытталған. Бұл әуежайды негізінен арзан әуе тасымалдаушылар пайдаланады.
14 қазанда Ыстанбұлда нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан қаланың кейбір аудандарында көлік қатынасы қиындады. Ресми мәлімет бойынша 1 277 тұрғын үйді су басып, 15 жерде көшкін жүрген.
Нөсерден кейін Ыстанбұлдың көптеген ауданындағы жолдарды су басып, кей жерлердегі жерасты өткелдері су астында қалды. Қарбалас уақытта тасжолдардағы көлік қозғалысының тығыздығы 89 пайызға жетті.
14 қазан кешіндегі мәлімет бойынша Ыстанбұлдың Фатих ауданындағы су жиналған жерлердің бірінде 14 жастағы жасөспірім тоқ соғу салдарынан көз жұмған.
Қала билігі 15 қазанға метеорологиялық қауіптің сары деңгейін жариялады. Болжам бойынша нөсер жаңбыр күннің соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ су басу, сел жүру, көлік қатынасы мен инфрақұрылым жұмысының бұзылу қаупі бар.
Билік тұрғындар мен туристерді аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға шақырды. Ыстанбұлдағы жергілікті мектептерде сабақ тоқтатылып, мемлекеттік қызметкерлердің кейбір санаттарына демалыс берілді.
Айта кетейік, биыл жаздың соңғы күндері Ыстанбұл әуежайы жолаушы тасымалы бойынша көш бастап, рекорд орнатқан болатын.