Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірлік білім басқармалары басшыларының қатысуымен PISA-2025 халықаралық зерттеуінің өңірлер бойынша нәтижелері қаралды.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, жаратылыстану сауаттылығы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орынға шықты. Екінші орында – Астана, үшінші орында – Қостанай облысы.
Математикалық сауаттылық бойынша ең жоғары нәтижені Жамбыл облысы көрсетті. Астана екінші, Солтүстік Қазақстан облысы үшінші орынға тұрақтады.
Ал оқу сауаттылығы бойынша Астана көш бастады. Қостанай облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысы үшінші орыннан көрінді.
Осылайша, Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы PISA-2025 зерттеуінің барлық үш негізгі бағыты бойынша да үздік үштікке кіріп, жоғары әрі тұрақты нәтиже көрсетті.
– PISA нәтижелерін жекелеген өңірлердің жетістігін бағалау ретінде ғана емес, ең алдымен білім сапасын одан әрі арттырудың құралы ретінде қарастыру қажет. Тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп отырған өңірлердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, тиімді практикаларды айқындау және оларды тарату маңызды. Сонымен қатар нәтижелері жұмысты күшейтуді қажет ететін өңірлерге ерекше назар аударылуы тиіс, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Кеңес қорытындысы бойынша министрлік құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына PISA-2025 нәтижелерін өңірлер бөлінісінде егжей-тегжейлі талдауды тапсырды.
Сондай-ақ білім беру нәтижелеріндегі өңірлік айырмашылықтарды қысқарту бойынша тиісті шаралар айқындалмақ.
Айта кетейік, қазақстандық оқушылар PISA-2025 зерттеуінде қандай нәтиже көрсеткенін мынау сілтемеден оқи аласыз.