Пластик терезелерді қысып ашқан ұрылар ұсталды - Астана ІІД

АСТАНА. ҚазАқпарат -Астана қаласының ішкі істер департаменті желтоқсан айында қолға түске ұрылардың санын жариялады. Олардың барлығы жалдамалы пәтерлерде тұрған. Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының ұрылары топтасып жүрсе, басқа қалалардан келгендер өздігімен «нәпақа» тауып жүрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының 4 тұрғыны пәтер кілттерін сәйкестестендіру және құлыптарды бұзу арқылы 8 пәтерге түсіп үлгерген. Күдіктілер Абай даңғылындағы жалдамалы пәтерде екі ай бойы тұрған.

Ал, Шығыс Қазақстан облысынан келген «гастролер» ұрылар пластик терезелерді қысып ашу арқылы төрт үйді тонады. Олар да жалдамалы пәтерде бой тасалап жүрді. Ақтөбе облысының тұрғыны жалғыз өзі төрт бірдей ұрлық жасаған. Ақмола облысының тумасы одан асып, алты пәтердің заттарын үптеп кеткен. 

«Тәртіп сақшылары құрықтаған ұрылардың ішінде Тараз, Аягөз, Атырау, Ақтөбе, Екібастұз,Семей, Көкшетау, Теміртау, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы жәнеЖамбыл облыстарының тұрғындары бар. Барлығы Астананың әр жерінде орналасқан жалдамалы пәтерлерде тұрды», - делінген ресми хабарламада.