Пластикалық хирургия: қайғылы оқиғалардан кейін қандай өзгеріс болады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы бес жылда Қазақстанда пластикалық ота мен косметологиялық процедуралар кезінде төрт адам көз жұмды. Пластикалық хирургия нарығында не болып жатыр, қауіп қайдан туындайды және қандай өзгерістер күтіледі? Kazinform агенттігінің тілшісі зерттеп көрді.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Оқиғалар хронологиясы

Пластикалық хирургия саласындағы қауіпсіздік мәселесі соңғы айларда болған бірнеше қайғылы оқиғадан кейін қайтадан қоғам назарын аударды.

Мамыр айының ортасында Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде танымал блогер Сәуле Базархан жоспарлы липосакция кезінде көз жұмды. Операция жергілікті анестезиямен жасалған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Фото: Сәуле Ермаханова/instagram

Арада көп уақыт өтпей, Ақтауда тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Иек пластикасынан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов комаға түсіп, бір айдан соң қайтыс болды. Кейін оның операция алдында толық тексерілмегені анықталды. Марқұмның қандағы қант деңгейі жоғары болған, ал мұндай жағдайда хирургиялық араласу жасауға болмайды.

Осы оқиғалардан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласындағы клиникаларға жоспардан тыс тексеріс жүргізе бастады. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары да бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп, барлық орталыққа кешенді ревизия жүргізуді ұсынып отыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Өкінішке қарай, 20 жыл бұрын медициналық ұйымдарды тексеру талаптары әлсіреп, олар кәсіпкерлік субъектілері ретінде қарастырыла бастады. Денсаулық сақтау министрлігі қатаң тексеріс жүргізуі керек. Себебі бір аптаның ішінде екі адам өлімінің орын алуы жүйедегі олқылықтарды көрсетіп отыр, – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Дегенмен мұндай оқиғалар пластикалық отаға деген қызығушылықты төмендеткен жоқ.

Қандай отаға сұраныс көп?

Әлемде эстетикалық процедураларға қызығушылық жыл сайын өсіп келеді. Мұны Халықаралық эстетикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) деректері растайды. Еліміз бұл үрдістен тыс қалып отырған жоқ.

Инфографика: Kazinform

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде «Пластикалық хирургия» лицензиясы бойынша 295 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 247-сі жекеменшік болса, 48-і мемлекеттік мекеме.

Саладағы сұраныстың артуына байланысты пластикалық ота түрлері де көбейген. Ә.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының реконструктивті, пластикалық және эстетикалық хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Мисмил Мурадовтың айтуынша, қазақстандықтардың арасында танымал операциялардың бірі – ринопластика.

– Қазір көп пациент мұрын пішінін өзгерткісі келеді. Сонымен қатар блефаропластика, бет лифтингі, отопластика сияқты операцияларға сұраныс жоғары. Әйелдер босанғаннан кейін абдоминопластика мен липосакцияға жиі жүгінеді. Олар дене пішінін қалпына келтіріп, бұрынғы келбетін қайтаруды қалайды, – дейді дәрігер.

Сұлулықтың құны қанша?

Сұлулыққа ұмтылған пациенттердің талабы әртүрлі. Профессор Мисмил Мурадовтың сөзінше, кейбір адамдар әлемге танымал жұлдыздардай болуды мақсат етеді. Бірі танымал актриса Анджелина Джолидікіндей келбетті қаласа, енді бірі әнші Дженнифер Лопестікіндей мүсінге қол жеткізуді армандайды. Дегенмен дәрігерлер мұндай жағдайда ең алдымен медициналық көрсеткіштерге сүйенеді. Жүрек-қан тамыры аурулары, декомпенсацияланған қант диабеті мен жедел инфекциялық сырқаттар ота жасауға тікелей қарсы көрсетілім болуы мүмкін.

Алайда соңғы жылдары күрделі эстетикалық оталарға деген қорқыныш азайып, мұндай араласуларды таңдаушылардың саны артқан. Тіпті кейбірі қаржыны үнемдеу мақсатында қауіпсіздік талаптары күмән тудыратын клиникаларға жүгінеді.

Фото: Мисмил Мурадовтың жеке мұрағатынан

– Бұл инфекциялық асқынулардың, қан кетудің, эстетикалық нәтижеге қанағаттанбаудың, анатомиялық құрылымдардың зақымдануының және қайта операция жасау қажеттілігінің қаупін арттырады. Ең ауыр жағдайларда мұндай араласулар өмірге қауіп төндіруі мүмкін, – дейді Мисмил Мурадов.

Сұраныс пен тәуекел қатар жүрген нарықта баға саясаты да біркелкі емес. Операция құны клиниканың деңгейіне, маманның тәжірибесіне және процедураның күрделілігіне қарай өзгеріп отырады.

Мәселен, блефаропластика – көз айналасындағы артық тері мен майды алып тастау арқылы көз пішінін жасартуға немесе ашық етуге бағытталған ота. Оның бағасы орта есеппен 120 мыңнан 400 мың теңгеге дейін, кей жағдайда 800 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ринопластика мұрын пішінін түзетеді. Ол 850 мың теңгеден басталып, кейбір клиникаларда 2 миллион теңгеге дейін барады.

Липосакция – дененің белгілі бір аймағындағы артық майды хирургиялық жолмен алып тастау процедурасы. Оның құны таңдалған аймаққа байланысты өзгереді, иек аймағы шамамен 250 мың теңге болса, іш аймағына жасалатын ота орта есеппен 600 мың теңге тұрады. Бірнеше аймақты қамтитын липоскульптура – дене контурын қалыптастыруға арналған кешенді процедура. Оның бағасы 1–2,4 миллион теңге аралығында.

Инфографика: Kazinform

Абдоминопластика – іш аймағындағы артық тері мен әлсіреген бұлшықеттерді түзетуге бағытталған ота. Бұл қызметтің құны орта есеппен 1–1,7 миллион теңге шамасында. Ал кеуде үлкейту операциясы 1,2 миллион теңгеден басталса, кеудені кішірейту шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде.

Сонымен қатар кейбір реконструктивті операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалады. Олардың қатарында күйік пен жарақаттан кейінгі қалпына келтіру, сондай-ақ онкологиялық аурулардан кейін сүт безін реконструкциялау сияқты медициналық көрсеткішке негізделген араласулар бар.

Пациент өз құқығын қалай қорғайды?

Ота жасарда қауіпсіздік пен заң талаптарының сақталуына баса назар аудару қажет. Заңгер Асқар Қаймақов бірқатар маңызды жайтты тексеруге кеңес береді.

Маманның айтуынша, ең алдымен медициналық ұйымның лицензиясына көз жеткізу керек. Ол үшін клиниканың БСН нөмірі арқылы мемлекеттік дерекқорлардан оның заңды түрде жұмыс істейтінін тексеруге болады.

Сонымен қатар операцияның қауіпсіз өтуінде анестезиологтің біліктілігі де маңызды рөл атқарады.

Фото: Асқар Қаймақовтың жеке мұрағатынан

– Кейде клиникалар келісімшарттарға заң талаптарына қайшы келетін тармақтарды енгізеді. Бірақ мұндай ережелердің заңды күші болмайды. Медициналық қызмет алушылардың құқығы жеткілікті деңгейде қорғалған, – дейді заңгер.

Алайда маманның айтуынша, кез келген келіспеушілік немесе күмән туған жағдайда ресми органдарға жүгіну қажет. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жазбаша шағым жолдауға болады. Бұл орган тиісті тексеріс жүргізіп, медициналық қателік бар-жоғын анықтайды.

Тексеру қорытындысы

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласында 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Тексеру барысында төрт қайғылы жағдай мен денсаулыққа ауыр зиян келтірудің бір фактісі тіркелген. Әрбір оқиға бойынша тәуелсіз сарапшылар тартылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Фото: Kazinform /ЖИ көмегімен жасалды

– 2023–2025 жылдары ведомствоға пластикалық хирургия клиникаларының жұмысына қатысты 244 шағым түскен. Пациенттер көбіне медициналық қызмет сапасына, операция нәтижесіне және операциядан кейінгі асқынуларға наразылық білдірген, – делінген ведомство жауабында.

Бақылау барысында нақты заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, лицензиясыз қызмет көрсету, операция алдындағы толық тексерудің жүргізілмеуі, анестезиологиялық сүйемелдеудегі кемшіліктер, медициналық құжаттарды дұрыс рәсімдемеу және ақпараттандырылған келісім алу талаптарын бұзу фактілері тіркелген.

Олқылықты түзету мақсатында министрлік жаңа өзгерістер пакетін әзірлеп жатыр.

Қандай өзгеріс енгізіледі?

Алдағы уақытта медициналық ұйымдарға берілетін лицензияның мерзімін бес жылға шектеу ұсынылуда. Осы мерзім аяқталғаннан кейін клиникалар міндетті түрде қайта тексеруден өтеді.

– Бұл шара формалды лицензия иелерін нарықтан шығарып, клиникалардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тұрақты түрде бағалауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ведомство мамандары.

Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Қазіргі таңда пластикалық хирургия орталықтарының қызметі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекспен, Кәсіпкерлік кодекспен және Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі.

Негізгі талаптардың қатарында мемлекеттік лицензияның болуы, дәрігерлердің бейіндік сертификаттарының болуы, операция кезінде анестезиолог-реаниматологтің міндетті түрде қатысуы, реанимациялық жабдықтардың толық қамтамасыз етілуі, операция алдындағы тексерулер мен операциядан кейінгі бақылау стандарттарын сақтау, сондай-ақ пациенттің ақпараттандырылған келісімін рәсімдеу сияқты міндеттер бар.