– ІІМ академиясының курсанты кәсіпқой рингте өнер көрсетуге құқылы ма? Заң бойынша оған ведомство тарапынан қандай қолдау көрсетілуі мүмкін?
– Иә, оның спортпен айналысуға толық құқығы бар. Себебі «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, жоғары деңгейдегі дене дайындығы – қызметтік міндеттердің бірі. Курсанттар олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға, турнирлерге қатысуға және мемлекеттік наградалар алуға құқылы.
Алайда заңнамаға сәйкес, курсант мәртебесінде жүрген кезде оған ведомство тарапынан сыйақы, жол қаражаты немесе іссапар шығындары төленбейді. Мұндай төлемдермен толыққанды қамтамасыз ету академияны бітіріп, ресми түрде қызметкер мәртебесін алғаннан кейін ғана мүмкін болады. Заң талаптары қазіргі уақытта осындай.
– Курсанттың республикалық және халықаралық жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысуы үшін қызметтік рұқсат алу тәртібі қалай жүзеге асырылады?
– Академия мұндай рұқсатты өз бетінше бере алмайды. Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мәселесін Ішкі істер министрлігінің басшылығы келіседі. Министрліктің ресми мақұлдауынан кейін ғана ведомство курсантты Жамбыл облысының Полиция департаментіне қарасты «Арлан» спорт клубына ұсынады.
Осы қызметтік келісу тәртібінен өткеннен кейін ғана курсанттың жарысқа қатысуына заңды мүмкіндік беріледі.
– Егер ведомствоның заң бойынша курсантқа тікелей ақша төлеуіне мүмкіндік болмаса, онда оның жол шығындары, оқу-жаттығу жиындары мен дайындығы қалай қаржыландырылады?
– Курсантқа ведомстволық төлемдер заңда қарастырылмағандықтан, олимпиадалық спорт түрін дамытуға байланысты жол және ұйымдастыру шығындарын Қазақстан бокс федерациясы өз мойнына алады. Бірақ, федерация қаражатты «Арлан» спорт клубы арқылы бөледі.
Бұл тетік сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын толықтай сақтауға мүмкіндік береді. Курсант коммерциялық қаражатты тікелей алмайды, ал федерация ІІМ мақұлдаған ведомстволық спорт клубы арқылы барлық қажетті шығындарды өтейді.
– Бұл жағдай заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетпей ме?
– Иә, бұл жағдай ведомстволық спорт жүйесін реформалау қажеттігін анық көрсетіп отыр. Заңнамалық деңгейде «спортшы-курсант» және «спортшы-полицей» деген нақты құқықтық мәртебелерді бекіту қажет.
Погон таққан, спортта ерекше қабілеті бар жастарға ерте кезеңнен бастап мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру алуға мүмкіндік берілуі тиіс. Сонда олар күрделі құқықтық кедергілерге тап болмай, Қазақстанның туын әлемдік аренада абыроймен көтере алады.
Айта кетейік, бокстан Қазақстанның спорт шебері, кадеттер мен жастар арасындағы екі дүркін ел чемпионы, Азияның қола жүлдегері және халықаралық турнирлердің жеңімпазы Әли Бауыржан кәсіпқой бокста қарсыласын 57 секундта нокаутқа түсірген еді.