«Соңғы 25 жылда Қазақстанға он үш мәрте жолым түсіпті. Әр жылдары Польша Республикасының Сеймінің депутаты, кейде Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) төрағасының орынбасары, Үкімет мүшесі де ретінде келдім. Қазақстандағы қазіргі сайлау процесіне ғылым адамы, саясаткер ретінде үлкен қызығушылықпен қараймын. Себебі, менің ойымша, қазіргі таңда Қазақстанда тұрақтылық процесін реттеп отыруға арналған қызықты тәжірибе жүріп жатыр», - деді саясаткер елордада халықаралық байқаушылардың баспасөз мәслихатында.
Польша Сеймінің экс-депутаты өз сөзінде Қазақстан кезектен тыс президенттік сайлауды өткізудің арқасында «саяси зілзаладан» сақтанып отырғанын атап өтті. Саясаткер өз сөзінде биліктің ауысуы жағынан осы уақытқа дейін Орталық Азия елдерінің кейбірінің аузы күйіп те үлгергенін жеткізді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрылымы туралы сөз қозғағанда Ли Кун Юдың басшылығындағы Сингапурды тілге тиек етіп отырғанын бірнеше мәрте естігенім бар. Осы мақсатқа жету жолында бұл елде биязы процестер жүріп жатқанына куә болып отырмыз», - деді ол.
Тадуеш Ивиньский өз сөзінде Қазақстанның шағын бөлігі Еуропамен шектесіп жатқанын, міне сондықтан Қазақстанның еуразиялық мемлекет саналатынын жеткізді.
«Қазақстан ЕКПА, Еуропа кеңесінің мүшесі бола алады. Еуропа кеңесінің құрамында 47 ел бар. Ол ең алдымен адам құқығы үшін жұмыс жүргізеді, 200-ге тарта халықаралық конвенциясы бар. Түркияның, мәселен, жерінің 3 пайызы ғана Еуропа аумағында жатса да, ЕКПА мүшесі саналады. Бірақ, бұл мәселені айналып келгенде Қазақстан билігі шешеді. Қазақстанның қазіргі сайлауындағы кандидаттардың қай-қайсысы да осал еместігін білемін. Менің ойымша, Қазақстан сайлау арқылы саясаттағы тың бағдарларға іздеу салып жатыр», - деді Тадуеш Ивиньский
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.