Полицей 5 мың теңге парамен ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің екі өңірінде жеке тұлғадан пара алған полиция инспекторларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 қазан күні Петропавлда Жемқорлыққа қарсы қызмет пен ІІД Өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жеке тұлғадан әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін ақша алу үстінде Солтүстік Қазақстан облыстық жергілікті полиция қызметінің инспекторы ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар, ол Алматы облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Талдықорған қалалық жергілікті полиция қызметінің екі инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын айтты.

«Видеожетон жазбасына сәйкес олар осы жылдың қыркүйек айында жеке тұлғадан әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 5 мың теңге ақша алған. Соңғысына қатысты да пара беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді ресми өкіл.