Ақтөбе қаласындағы Есет батыр мен Тілеу батыр көшелерінің қиылысында жол полициясы қауіпсіздік белбеуін тақпаған жүргізушіні тоқтатады. Әкімшілік жауапкершіліктен оңай құтылып кетпек болған жүргізуші жол полицейіне 2 мың теңге ұсынды.
«Ақша ұсынған ақтөбеліктің іс-әрекеті бейнетіркеуге түсіп қалған. Нәтижесінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 676-бабы бойынша хаттама толтырып, істі сотқа жолдады. Іс Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды. Енді жол ережесін бұзған ақтөбелік 481 мың теңге айыппұл төлейді»,- деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі.