Мәселен, 26 қаңтарда ҚР ІІМ ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес департаментінің қызметкерлері жамбылдық полиция қызметкерлерімен бірге Қордай ауылында Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Оның жеке заттарын тінту барысында 187 грамм героин тәркіленді.
Ал 31 қаңтарда Луговое желілік ішкі істер басқармасы есірткі бизнесімен күрес бөлімінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, «Бішкек-Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында 2 келі героин әкетіп бара жатқан Қырғызстан азаматын ұстады.
2 ақпанда Жамбыл облыстық ІІД «Дельта-Долина» есірткі бизнесімен жүрес жөніндегі өңіраралық бөлімнің қызметкерлері Мерке-Шу-Бурылбайтал тас жолында «Фольксваген» маркалық көлікті тоқтатқан. Тінту барысында көліктегі жолаушының жеке затынан 6 келі 400 грамм гашиш алынды. Ұсталған азаматтың Тасөткел елді мекеніндегі тұрғылықты мекенжайының қорасынан 12,5 келі марихуана мен гашиш дайындауға арналған елек табылды.
Дәл осы күні Талдықорғанда да жалпы салмағы 1002 грамм героинмен бір азамат қолға түсті.
«Ұсталғандардың барлығы уақытша оқшаулағышқа қамалды. Қазіргі уақытта олардың қылмыстық байланыстарын тексеру жүргізуде. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды. Аталған қылмыстарды жасағандары үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Жалпы, ағымдағы жылдың қаңтар айында полиция қызметкерлері есіртінің заңсыз айналымында 390 қылмыстың жолын кесті, оның 276-сы сату фактісі», - деді Алмас Садубаев.