Полицейлер науқас балалары бар әріптестеріне қаржылай көмек көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры ауыр науқас балалар тәрбиеленіп жатқан үш полиция қызметкері отбасына 250 000 теңгеден қаржы аударды. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, қор қаза тапқан полицейлердің отбасына да атаулы көмек көрсетпек. Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын өтеу кезінде 938 полиция қызметкері қаза тапқан.

«Полицейлер еш уақытта өз әріптестерін қиындықпен жалғыз қалдырмайды. Қайғыдан ешкімнің сақтандырылмағаны белгілі. Сондықтан қызметкерлерге қиын жағдайда қол ұшын созу тұрақты үрдіске айналған. Осындай көмектер үзілмей жалғасын таба беруі үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 2016 жылдың қараша айында ІІМ жанынан ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қолдайтын Қайырымдылық қорының ашылуына бастамашы болды. Бұл қордағы қаржы қалай жұмсалып жатқаны жөнінде ведомстволық басылымда үнемі жарияланып, жеке құрамның назарына ұсынылып отырады», - деп жазады Алмас Садубаев.