Полицейлер өртенген үйдің иесін ажал аузынан алып қалды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық полицейлер өртке оранған үйдің иесін құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мəліметінше, оқиға 12 қазан сағат 15:40 шамасында Біржан сал ауданының Заураловка ауылында орын алған.

Осы ауылда қызмет бабымен жүрген полиция капитандары Мəди Бейсембаев пен Азамат Қазыбаев бір үйдің өртеніп жатқанын байқап қалған.

Тəртіп сақшылары бірден өрт сөндіру бригадасын шақыртып, өздері қызыл жалынға оранған үйдегі адамдарды құтқаруға ұмтылады.

Үйдің есігін бұзып кірген олар іште үй иесін ес-түссіз, денесін күйік шалған күйде тапқан. Полицейлер бірден ер адамды сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Оған қоса, өрт жалмаған үйдің ішінен газ баллонын да сыртқа алып шыққан.

Қазіргі кезде өрттің шығуы себебі анықталып жатыр. Ал құтқарылған ер адам болса, Ақмола облыстық ауруханасына жатқызылды. Дəрігерлер оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Осы оқиғаға байланысты Ақмола облысының ІІД басшылығы Біржан сал ауданының тұрғынының  өміріне араша түскен полиция капитандары Мəди Бейсембаев пен Азамат Қазыбаевты  марапаттау туралы  ұйғарымға келіп отыр.

Соңғы жаңалықтар