Полицейлер сотталушы қолынан қаза тапқан Ольга Василевскаяны еске алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті колония тұтқынының қолынан қаза тапқан әріптесін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2008 жылы желтоқсанның 5-інен 6-сына қараған түні ақмолалық ҚАЖ департаментінде Ольга Василевскаяны өлтіріп кеткені хабарланды. Павлодар заң колледжін үздік бітірген Ольга қалған курсанттармен бірге Ақмола облысындағы ҚАЖ басқармасына келген еді. Диплом алдында тәжірибеден өткен қоныстандыру-колониясында жұмысқа орналасты. Әділет лейтенанты Ольга Валерьевна Василевскаяның еңбек жолы осылай басталды», - деп жазды ҚАЖ комитеті.

Ольга сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөліміне жасақ бастығы қызметіне тағайындалған. Оның өте ынталы, жауапты қызметінен, жасақта әрдайым тәртіп болған.

«Ольга Валерьевна жасағының қарамағында 50 сотталған адам болды. Олардың әрбірінің сұрақтарына жауап беру – Ольганың міндеті. Соны білген сотталушылар жеке мәселелерін сылтау етіп, жас қызға жиі жүгінетін. Оның арасында Николай да болды, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу жөнінде жасақ бастығына көп келетін. Жасақ бастығы да әр келген сайын шыдамдылықпен түсіндіретін. Мұның соңы қайғылы аяқталарын ешкім білген жоқ. Өйткені барлық сотталушылар Ольга Валерьевнаға жиі барғысы кеп тұратын», - деп еске алады Ақмола облысы ҚАЖ департаментіндегі әріптестері.

Николай шартты түрде мерзімінен бұрын босай алмады, сот ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабымен екі рет сотталған рецидивисті абақтыда қалдырды. Ал Ольга Валерьевна еңбек демалысына шығып кеткендіктен, оған жолығып себептерін сұрай алмаған.

«2008 жылдың 5 желтоқсанында Ольга Валерьевна жыл соңындағы есептерді тапсырып, үйіне асыққан. Колония аумағындағы өндірістік аумақтан өтіп бара жатқанда Николай кезігіп, өз шаруасын сұраған. Қысқаша жауап беріп, асығыс екенін айтқанда қылмыскер оны буындырып, ескі қазандық бөлмесіне сүйреген. Бірнеше сағаттан кейін Ольганың ата-анасы іздеу салып, дабыл қаққанда колониядан мәйіт табылды. Атышулы іс тез ашылды, сот зорлықшыға өмір бойына қамау жазасын берді», - деп жазды ҚАЖ комитеті.

Жыл сайын ЕЦ-166/24 мекемесінің қызметкерлері Ольганың құрметіне волейболдан турнир өткізеді және осы күні Ольганың анасы Елена Константиновнаға барады.

Әділет лейтенанты Ольга Василевскаяға «Ерлігі үшін» медалі қайтыс болғаннан кейін берілді.