Полиция қызметкері қаруды қолданбас бұрын ескерту жасап, бағынуға уақыт беруге міндеттеледі - ҚР ІІМ

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Полиция қызметкері қаруды қолданбас бұрын ескерту жасап, бағынуға уақыт беруге міндеттеледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.

Министрдің атап өтуінше, 2010 жылы қабылданған құқық қорғау қызметі туралы заңға сәйкес қазіргі уақытта қару қолданудың, сонымен қатар қорғануға қажетті жағдайдағы негізі, шарты және тәртібі, айқындалған. Дегенмен, аталған заңда қызметкердің қару қолдануы үшін ғана құқық бар. Ал қаруды қолданатындығын ескерту қарастырылмаған.

«Біз ұсынып отырған норма заңмен көзделген қаруды қолданудың қолданыстағы негізін кеңейтпейді, керісінше қызметкерге қаруды қолданғанға дейін оны қолдануға оқталып тұрғандығын ескерту міндеті жүктеледі. Бұл халықаралық талаптарға қайшы емес», - деді Қ.Қасымов. Министрдің сөзіне қарағанда, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында лауазымды тұлғаның қару немесе күш қолдануы кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері нақты ескерту жасауы әрі оған бағынуға уақыт беруі қажет.

«Бұл талаптар, егер қолға түсіру лауазымды тұлғаның немесе басқа да тұлғалардың өліміне не болмаса ауыр жарақаттануына әкелетіндей жағдай болғанда қолданылмайды», - деді ол.