Полиция қызметкеріне қаруды ескертусіз қолдануға рұқсат беру мәселесі Мәжілістің алдағы отырыстарында шешіледі

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Полиция қызметкеріне қаруды ескертусіз қолдануға рұқсат беретін жаңа заң жобасына қатысты мәселе Мәжілістің алдағы талқылаулары барысында шешіледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен көшпелі отырыста ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Нұрлан Әбдіров айтты.

Қаруды ескертусіз қолдану мәселесі заң жобасында міндетті түрде жазылған бағыт емес екендігін баса айтқан депутат: «Жалпы, негізгі құқықтық бағыт мынада, міндетті түрде қаруды қолданған кезде полиция қызметкері ескерту жасауы керек. Ал енді шабуыл үстінде болса және ол шабуыл жеке адамға әрі оның өміріне, денсаулығына қауіпті болса немесе полиция қызметкеріне қарсы жасалса, онда сол кездегі орын алып отырған жағдайға сай полиция қызметкері қаруды ескертусіз қолдана алатындығы заң жобасында жазыған», - деді.

Жалпы халық қалаулысының атап өтуінше, бұл қазір талқылау үстіндегі әңгіме, ал оның әрі қарайғы шешімі қалай болатындығын алдағы пікірталастар көрсетеді.

Н.Әбдіровтің сөзіне қарағанда, бұл заң жобасы заманымыздың талабына сай жасалып отыр. «Бірқатар өзгерістер, ұсыныстар айтылуда. Оның ішінде әлеуметтік пакет жөнінде де бар. Осының барлығы да күрделі мәселелер. Біздің полициямыз заманымызға сай болсын десек, онда өзекті мәселердің барлығының шешімін табуымыз керек», - деді депутат.