Полиция қызметкерлері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсенді қатысуда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсенді қатысып жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде полиция қызметкерлері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсенді қатысып жатыр. Бұл іс-шара жаңа оқу жылына дайындық уақытында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Қызметкерлер мектеп жасында болғанмен оқымайтын балаларды анықтап, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім, сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетеді», - деді ресми өкіл.

Мәселен, оның дерегінше, Павлодар облысының Ертіс ауданы полиция қызметкерлері 2 көпбалалы отбасыға көмек көрсетті. Бір отбасыда 5 бала болса, оның 4-еуі мектепке барады. Ал екінші отбасында 4 оқушы бар.

«Полиция қызметкерлері кеңсе тауарларының толық жинағын, мектеп формасын, аяқ киім және төменгі сынып оқушысына қажетті өзге де мектеп заттарын сатып алып берді. Өз кезегінде балалардың ата-аналары полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірді», - деді Нұрділдә Ораз.