Полиция қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төленуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің штат саны 10 пайызға қысқарады. Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Қ. Қасымов ІІМ жүйесін реформалау жоспарлары туралы баяндады. Ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыру, басқарушылық артық буынды және жекелеген басшылық лауазымдарды қысқарту жұмыстары басталғанын атап өтті.

«Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 - ҚАЖК қызметкерлері. Бюджет қаражатының қалыптасқан үнемін қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын арттыруға пайдаланамыз», - деді Қ. Қасымов.

Ішкі істер министрінің айтуынша, сондай-ақ жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторларының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеуді қарастыру қажет.

Бұдан өзге, реформалау аясында: ІІМ-ді өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оңтайландыру жоспарда бар. Сапаны арттыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадрларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған.