Полиция сержантын балағаттаған қызылордалық бір жылға сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының №2 сотында қалалық ІІБ-нің полиция сержантына дөрекілік көрсеткен тұрғынға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға түнде облыс орталығындағы Хон Бен До көшесі бойында орналасқан азық-түлік дүкенінде болған. Айыпталушы кәмелет жасқа толмаған жасөспіріммен бірге жүрген. Полиция сержанты оны байқаусызда иығымен қағып өткен және сол үшін кешірім сұраған. Ішімдікке мас болған жігіт полицейге балағат сөздер айтып, дауыс көтерген. Тәртіп сақшысы одан сыртқа шығуын талап еткен.

Сотталушы сыртқа шыққаннан кейін де сабасына түсе қоймаған. Тіпті, қызметтік көлікті өртейтінен айтып, қоқан-лоққы көрсеткен.

«Онымен қатар, жанындағы кәмелетке толмаған баламен бірге полиция сержанты  көлігіне отырған бойдан бастап, оны ұялы телефонның бейнекамерасына түсіре бастаған. Кейін видеоны әлеуметтік желіде таратқан. Солайша, адамның ар-намысына нұқсан келтіретін әрекет жасаған», - делінген соттың хабарламасында. 

Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен тәртіп сақшысына дөрекілік көрсеткен жігіт ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ол 240 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылатын болады. Оған қоса, сотталушы Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейді.


Әділет ҚАҢТАРБАЕВ  

Фото: pankredit.com