Полицияға қатысты сыни ақпараттар 2 есеге қысқарды - Тұрғымбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полицияға қатысты сыни ақпараттар 2 есеге қысқарды. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еститін мемлекет» құру мақсатында ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастыру өзгертілді. Барлық аймақта «Азаматтарға арналған қабылдау» бөлмелері ашылды. Онда халыққа консультативтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік желімен жұмыс күшейді. Фейсбукте барлық басшылардың жеке аккаунттары ашылды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді. Енді барлық деңгейдегі басшылар азаматтарды апта сайын қабылдайды. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін бейнебайланыс арқылы қабылдау жүргізіледі.

«Учаскелік инспекторлар ПИК, мүлік иелері бірлестігі чаттарына қосылды. Тоқсан сайын «Жолдағы қабылдау» акциялары өткізіледі. Осы жылы 18 мың азаматқа кеңес берілді, 25 мың арыз қаралды. Азаматтар көбіне - полиция жұмысын жақсарту, жол қозғалысы, тіркеу, құжаттарды алу мәселелесімен өтініш білдірген. Аймақ басшылары мен учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында тоқсан сайын есеп береді. Халыққа үздіксіз ақпарат беру үшін ведомствалық «Полиция.кз» сайты мен телестудия іске қосылды. Брифингтер апта сайын өткізіледі. Нәтижесінде, сыни ақпараттар соңғы 2 жылда 2 есе қысқарды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.