Полицейлер шетелдіктердің Қазақстанда заңды жүргенін тексеруге міндеттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде патрульдік полиция қызметін атқару жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізді.

Фото: Polisia.kz

2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған бұйрыққа сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлерінің шетел азаматтарымен жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ көлік нысандарында, метрополитенде, елді мекендерде және қалааралық автожолдарда қызмет атқару міндеттері нақтыланды.

Енді патрульдік полиция қызметкерлері шетел азаматтарымен, сондай-ақ дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктердің қызметкерлерімен тек қызметтік міндеттері аясында ғана байланысқа түседі. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, көлік қозғалысының кестесіне қатысты анықтамалық ақпарат беру, сондай-ақ қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының орналасқан жерін көрсету сияқты жағдайларды қамтиды.

Сонымен қатар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың құжаттарын тексеру кезінде полицейлер шетелдік паспорттың, тұруға ықтиярхаттың немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігінің жарамдылық мерзіміне, визасының болуына және Қазақстан аумағында заңды жүргенін растайтын құжаттарға назар аударады. Егер заң бұзушылық анықталса, полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті шара қолдануға міндетті.

Өзгерістер патрульдік полицияның бірқатар міндетін де нақтылады. Атап айтқанда, қызметкерлер көші-қон қызметі бөлімшелеріне шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды елден шығару кезінде қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттеріне дейін алып жүреді.

Бұдан бөлек, полицейлер шетел азаматы жолаушылар пойызынан немесе ұшақтан қалып қойған жағдайда, шетелдіктердің қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар, заңсыз көші-қон фактілері және заңсыз мигранттарды өткізудің белгілі бағыттары туралы кезекші бөлімге дереу хабарлауға міндетті.

Сондай-ақ нұсқаулықта әкімшілік жауаптылықтан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдарға қатысты талап нақты көрсетілді. Заңда белгіленген тәртіп сақталмайынша, оларды мәжбүрлеп жеткізуге немесе сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға болмайды. Олардың қатарына Құрылтай депутаттары, Президенттікке және Құрылтай депутаттығына кандидаттар, Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшелері, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және судьялар кіреді.

Осындай өзгерістер елді мекендерде және қалааралық автомобиль жолдарында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде патрульдік полиция қызметін атқару жөніндегі нұсқаулыққа да енгізілді.

Бұйрық 2026 жылғы 25 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін ІІМ жоғары оқу орындарына құжат қабылдау толық цифрлық форматқа көшкені хабарланған болатын.