Полицейлердің біреудің жекеменшік көлігін пайдалануға қақысы бар ма
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Полиция қызметкерлерінің азаматтардың жеке меншік көлігін айдауына заң бойынша жол берілетін-берілмейтінін біліп көрдік.
Шытырманға толы шетелдік киноларда қылмыскерді қуып келе жатқан полицейлердің көшедегі көліктерге де мініп алатынын көріп жүрміз. Ал кинодағы жағдай өмірде де қайталануы мүмкін, қайталанып жатыр да.
Осы ретте «Қазақстанда полиция қызметкерлері азаматтардың жеке меншік көлігін пайдалана ала ма, жоқ па? Бұл заң бойынша реттелген бе?» деген сұрақ туындайды.
Сол сауалдың жауабын білу үшін Kazinform тілшісі ШҚО Полиция департаментіне хабарласып көрді.
Материалдық шығын өтеледі
— Полиция қызметкерлері 2014 жылғы 23 сәуірдегі Ішкі істер органдары туралы заңның 6-бабы 2-бөлігі 17-тармақшасына сәйкес қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамның ізіне түсу, оқиға орнына бару, төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, қарулы қақтығыс жағдайында, төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтардың жеке меншік көлігін тізгіндеуге құқылы. Сондай-ақ егер кiдiрту адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер төндіруі мүмкін болса, жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдарды медицина ұйымдарына жеткiзу үшiн де көліктің кез келген түрін пайдалана алады. Бірақ бұған дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттер өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдардың көліктері жатпайды, — деп жауап берді департаменттің баспасөз қызметінен.
Ал егер көлік иелеріне материалдық залал келтірілген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен шығын толықтай өтеледі.
Демек, полицейлер көшеде келе жатқан көліктерді тоқтатып, айдап кете алады. Бірақ ол үшін жоғарыда айтқан себептер болуы керек. Сондықтан тәртіп сақшысының талабы заңға сәйкес болса бағынуға тиіспіз.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада полиция қызметкеріне дөрекілік көрсеткен жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.