Полиция елордада қылмыс жиі тіркелетін орындарды атады

Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан елордадағы 171 көңіл көтеру орнында 357 қылмыс жасалған. Бұл туралы Сенатта Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен кездесу кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

— Астанадағы жағдай ерекше алаңдатып тұр. Елордадағы 171 көңіл көтеру орнында 357 қылмыс жасалды, олардың көпшілігі түнде және таңертең ерте жасалған, - деді С. Әділов.

Оның сөзіне қарағанда, ойын-сауық орындарының иелері тиісті шара қабылдамауынан мұндай оқиғалар жиі қайталанады.

— 11 ай ішінде Астанада 3 431 шақырту болған, оның 90 пайызы сағат 23:00-ден кейін болды. Бұл шақыртулардың 958-і «Панаехали» дәмханасында, 349-ы «Забери меня» клубында және 262-сі «Мята» барында тіркелген. Қылмыс жиі жасалды. Мәселен, Amazon-да бес қылмыс болды, оның төртеуінде пышақтаған, соңғысы өліммен аяқталды. Алматыға қатысты статистика да жақсы емес. 3588 шақырту тіркеліп, 14-тен астам кісі өлтіру дерегі анықтылды, - деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін хабарланғандай, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көңіл көтеру орындарында ішімдік сату уақытын шектеу қажет екенін айтты.