— Жолдағы қауіпсіздік мәселесі министрліктің ерекше бақылауында. Бұл мәселе биылғы жылы құқық бұзудың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Кешенді ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар қабылданды. Нәтижесінде биыл жол апаты бойынша барлық көрсеткіштер төмендеп жатыр: жол-көлік оқиғалары 5 пайызға, қаза тапқандар 15 пайызға, жарақат алғандар 6 пайызға азайды. Бірақ бұл нәтижемен шектеліп, өзімізді жұбатуға болмайды. Әрбір санның артында адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз, — деді министр.
Оның атап өтуінше, көлік тәртібіне бақылау күшейтілді. Техникалық шешімдер белсенді қолданылып жатыр. Осы саладағы барлық цифрлық сервистер «Тор» платформасына біріктірілді. Оның нәтижесі мынадай:
1. жасанды интеллектті қолдану арқылы көліктерді бақылау жүргізіліп жатыр. 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ ұрланған автокөліктер анықталу үстінде;
2. «Қорғау» жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір тағып алған көліктерді және өрескел бұзушылар анықталады;
3. жол ережесінің бұзушылықтарын автоматты түрде анықтайтын жүйелер дамытып жатыр. Олардың саны 28 мыңға 32 мыңға жеткізілді;
4. республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылады. Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары саны 10 пайызға, қаза тапқандар 33 пайызға, жарақат алғандар 12 пайызға азайды
— Бүгінде бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын 12 учаскеде бар. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 учаскеде орнатамыз. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар барлығы 5 600 шақырым болатын 28 учаскеде жыл аяғына дейін орнатылатын болады. Келесі жылдан бастап бұл жұмысты әрі жалғастырамыз, — деді Ержан Сәденов.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.