«Бір апта ішінде елде 2 356 қылмыс жасалды. Оның 1 452-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 5 кісі өлтіруді, 10 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 24 тонау және 259 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, Ішкі істер министрлігінде сала ардагерлерімен және өңірлік полиция департаменттері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарларының қатысуымен кездесу өтті. Жиынға ведомство басшысы Ержан Саденов төрағалық етті.
«Сонымен қатар полиция ведомствосы полицейлердің кәсіби қалыптасуына көмек көрсету, оларды азаматтардың құқығына құрметпен қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ ішкі істер органдарында сапалы кадр ядросын қалыптастыру мақсатында тәлімгерлер кеңесінің жұмысын қайта жандандырып отыр. Ардагерлердің білімі, даналығы мен өмірлік тәжірибесі жас офицерлер үшін маңызды», - деді ол.