«Киберқылмыс сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін биыл шілде айында барлық өңірде «CyberPol» мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылды. Олар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, банктермен және ұялы байланыс операторларымен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.Бұл жәбірленушілер полицияға уақытылы жүгінген кезде ақшаны жоғалту қатерін елден тыс шығару сатысында азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, алаяқтардың 200 млн теңгеге жуық ақша алу әрекеттері тоқтатылды», - деді Игорь Лепеха Парламенттік тыңдауда.
«Cyberpol» жедел іс-шаралары арқылы 929 «дропер» анықталды.Олардың банктік карталарын «шетелдік алаяқтар» өздерінің қылмыстық схемаларында пайдаланған. Кейіннен ұрланған ақшаны алуға пайдаланатын төлем карточкаларын немесе сәйкестендіру деректерін үшінші тұлғаларға қасақана бергені үшін қылмыстық жауапкершіліктің болмауына байланысты көптеген «дропер» заң саласында жазасыз қалып отыр.
«Құрметті депутаттар, сіздердің қолдауларыңызбен қылмыстық іс жүргізу заңнамасына қажетті түзетулердің жобасы қаралып жатыр. Қылмыстық кодекстің 205-бабына банктік және өзге де қаржы жүйелеріне қолжетімділік бере отырып, жеке деректерді қасақана бергені үшін жауапкершілікті көздейтін толықтырулар енгізіледі», - деді Игорь Лепеха.
Бұған дейін министрдің орынбасары шетелдік алаяқтарға SIM-карта тіркеуге көмектескен қазақстандықтарға құқықтық жауапкершілік енгізілетінін айтқан еді.
Сондай-ақ И.Лепеха шетелдік алаяқтардың қоңырауы бұғатталғанын, алайда қазақстандықтардың өздері аздаған сыйақы үшін алаяқтарға жәрдем беріп отырғанын айтты.