Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде өткен «Nomad Álemi» заманауи көшпенділер мәдениетінің ауқымды фестивалінде азаматтардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлерімен қатар заманауи технологиялар да қамтамасыз етті.
Шығыс Қазақстан облысында полиция жаппай іс-шара кезінде алғаш рет робот-иттерді пайдаланды. Олар өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған цифрлық жүйенің жаңа бөлігіне айналды.
— Робот-иттер белгіленген аумақты патрульдеп, тәулік бойы бейнебақылау жүргізе алады. Сондай-ақ олар бейнежазбаларды талдап, адамдардың бет-әлпетін тану мүмкіндігіне ие. Жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жіберіледі. Бұл полиция қызметкерлеріне жағдайды жылдам бағалап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — дейді тәртіп сақшылары.
Фестивальге келген азаматтармен тиімді байланысу үшін робот-иттер жарық сигналдарымен және дауыстық ескерту жасауға мүмкіндік беретін дауыс зорайтқышпен жабдықталған.
«Nomad Álemi» фестиваліндегі алғашқы тәжірибе заманауи технологиялардың полиция жұмысына тиімді көмек көрсете алатынын байқатты. Робот-иттер дәстүрлі полиция жасақтарының жұмысын толықтырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Осыған дейін қазақстандық студенттер робототехникадағы үздік шешімі үшін жүлде алғанын жазғанбыз.