Польша ЕО соты мен МЕРКОСУР арасындағы келісімге қарсы сотқа шағым түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — Польша Еуропалық Одақ (ЕО) пен МЕРКОСУР (Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай кіретін сауда-экономикалық бірлестік) арасындағы еркін сауда туралы келісімге қарсы ЕО сотына шағым жолдады. Бұл туралы Polskie Radio-ға сілтеме жасап, БЕЛТА хабарлады.

Фото: Unsplash

Хабарға сәйкес, Варшава шағыммен бірге келісімнің сот шешімі шыққанға дейін уақытша тоқтатылуын талап еткен өтініш те берген. Польша билігі құжат сот талқылауы аяқталғанға дейін күшіне енбеуі тиіс деп есептейді.

Польша бұл келісімді басынан бастап сынға алып келген. Негізгі сындардың бірі — «айна тәрізді талаптардың» болмауы, яғни ЕО мен МЕРКОСУР елдерінің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бірдей стандарттардың қолданылмауы. Варшаваның пікірінше, бұл Оңтүстік Америка фермерлеріне бәсекелестік артықшылық беріп, Еуропа фермерлеріне теріс әсер етуі мүмкін.

ЕО мен МЕРКОСУР арасындағы еркін сауда келісімі 17 қаңтарда Парагвайда қол қойылған. Ол 1 мамырдан бастап күшіне енді. Құжат шамамен 700 миллион адамды қамтитын ауқымды еркін сауда аймағын құруды және өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларындағы тарифтердің шамамен 90%-ын кезең-кезеңімен жоюды көздейді. Келісімді, әсіресе, Германия және Солтүстік Еуропаның бірқатар елдері қолдаған, олар Оңтүстік Америка нарығына өз өнімдерінің қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.

Польшаға қоса, бұған дейін Франция, Венгрия, Австрия және Ирландия да бұл келісімге қарсы шыққан. Еуропарламент депутаттары 21 қаңтарда ЕО сотына жүгініп, келісімнің ЕО нормаларына сәйкестігін тексеру жөнінде резолюция қабылдаған.

Айта кетейік, Польшада 5 жылда жұмыссыздық деңгейі артты.