Польша президенті Конституциялық соттың күшпен басып алынғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Польша президенті Кароль Навроцкий Варшавада Конституциялық соттың күшпен басып алынғанын және елдегі конституциялық тәртіптің бұзылғанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме сот ғимараты маңында болған қақтығыстар аясында жасалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Фото: ТАСС

ТАСС мәліметінше, Польша президентінің мәлімдемесін оның әкімшілігінің басшысы Павел Шефернакер оқып берген.

— Сол түні Польша Республикасының конституциялық тәртібі бұзылып, мемлекеттік конституциялық орган күшпен басып алынды, — деп келтіреді Навроцкийдің сөзін Business Insider интернет-порталы.

Бұған дейін Польша президенті Конституциялық сот төңірегіндегі жанжалға байланысты парламенттік партия өкілдерімен шұғыл кеңес өткізетінін хабарлаған.

Елдегі шиеленіс премьер-министр Дональд Тусктің өз үкіметінде бұрын министр болған Мачей Беректі Конституциялық сот судьясы етіп тағайындау туралы шешімінен кейін басталды. Кейінгі апталарда сот ғимаратының алдында наразылық акциялары тұрақты түрде өтіп келген.

31 қазанға қараған түні жағдай ушыға түсті. Сот ғимаратының аумағын күзету үшін қосымша күштер тартылды. Наразылық білдірушілер Конституциялық сот ғимаратының алдына жиналып, қоршаудан өтуге әрекеттенген. Осыдан кейін акцияға қатысушылар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыс болды.

Бұған дейін 30 қазан күні кешке Кароль Навроцкий Польша Конституциялық сотының міндетін атқарушы төрағасы Богдан Свенчковскийдің қызметінен шеттетілуіне байланысты Сенегалға сапарын тоқтатып, Варшаваға кері қайтқанын жазған едік.

Варшаваға оралған соң президент Жоғарғы соттың бірінші төрағасы Збигнев Капиньскиймен кездесті.

Жергілікті уақыт бойынша түн ортасында (Мәскеу уақытымен 02:00–де) Навроцкий Конституциялық сот ғимаратына келіп, ішке кірген. Сол кезде кіреберісте тұрған және мемлекет басшысын өткізгісі келмеген судьялармен жанжал туындаған.

Оқиға видеожазбаға түсіп, оны судья Мачей Берек жариялады. Сонымен қатар полиция мен президенттің күзет қызметкерлері арасында да қақтығыс болған.