Польша президенті Конституциялық соттағы жағдайға байланысты Сенегалға сапарын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Польша президенті Кароль Навроцкий Конституциялық сот аумағына полиция келгенін және сот төрағасы Богдан Свенчковский қызметінен шеттетілгенін білген соң, Сенегалға бағыт алған ұшағын кері бұрып, еліне оралды. Бұл туралы Kazinform Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Польша президенті Кароль Навроцкий
Фото: REUTERS

— Мұндай сәтте президент Польшада болуы керек. Сенегалға бара жатқан сапарымды тоқтатып, елге қайтып жатырмын, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Полицияның мәліметінше, қызметкерлер Конституциялық сот ғимаратының маңында болған оқиғалардан кейін оның аумағына барған. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қауіпті заттар лақтырылған.

Конституциялық соттың сайтында жұма күні оның төрағасы Богдан Свенчковскийдің міндетін атқарудан шеттетілгені туралы ақпарат жарияланды.

Конституциялық сот төңірегіндегі ұзаққа созылған саяси жанжал мекеменің жұмысын іс жүзінде тоқтатып тастаған.

Кейінгі апталарда Конституциялық сот ғимаратының алдында оппозиция өкілдері наразылық акцияларын өткізіп жатыр. Бұған премьер-министр Дональд Тусктің өз үкіметінде бұрын министр болған Марчин Беректі осы соттың судьясы етіп тағайындау туралы шешімі себеп болған.

30 қазанда Польша әділет министрі Вальдемар Журек Конституциялық сот төрағасының міндетін атқарушы Богдан Свенчковскийді қызметінен шеттету туралы өтініш жолдады.

Еске салайық, бұған дейін Польшада премьер-министрге шабуыл жасамақ болған күдікті ұсталғаны жөнінде жазғанбыз.