Польшада премьер-министрге шабуыл жасамақ болған күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Польша полициясы ел премьер-министрі Дональд Тускке шабуыл жасауды жоспарлады деген күдікпен бір адамды ұстады, деп хабарлайды BBC.
Жексенбі күні таңертең құқық қорғау органдары Дональд Туск пен Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камышқа шабуыл жасалу қаупі бар екенін мәлімдеген.
Кейін Польша ішкі істер министрі Марцин Кервиньский күдіктінің ұсталғанын X әлеуметтік желісіндегі парақшасында растады.
– Премьер-министр Дональд Тускке қоқан-лоқы көрсетіп, оған шабуыл жасауды жоспарлаған ер адамды Польша полициясы ұстады, – деп жазды министр.
Алайда ол күдіктінің жеке басы, шабуылдың қалай жоспарланғаны және оны ұстау операциясы туралы қосымша мәлімет жарияламады.
Дональд Туск те X желісінде полиция қызметкерлеріне жедел әрі батыл әрекет еткені үшін алғыс айтты.
Бұл оқиға Польшада құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан тұста болды. Соңғы күндері елдегі білім беру мекемелерінде суық қарумен жасалған үш бөлек шабуыл тіркелген.
Сәрсенбі күні елдің орталық бөлігіндегі Мазовецк воеводствосында 19 жастағы оқушы мектеп сыныбында тоғыз оқушы мен бір мұғалімді өткір затпен жаралаған.
Келесі күні осы өңірдегі тағы бір мектепте 15 жастағы жасөспірім шаруашылық қызметкерін пышақтап өлтірген. Тергеу мәліметінше, ол шабуыл сәтін дулығасына бекітілген камераға түсірген.
Ал сенбі күні ересектерге арналған білім беру орталығында 21 жастағы ер адам үш адамды жаралаған.
Әзірге Польша билігі бұл үш шабуылдың өзара байланысы бар-жоғын анықтаған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Ыстанбұл қаласындағы мектептердің бірінде оқушы қыз пышақпен шабуыл жасап, сегіз адамды жаралаған болатын.