Porsche акциялары күрт төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Porsche компаниясының акциялары 7,5%-ға құлдырдады, себебі автокөлік өндіруші электромобиль өндірісін азайтып, сұраныстың төмен болуына байланысты стратегиясын қайта қарап, болашақ болжамдарын да төмендетті, деп жазды Азертадж.
Жұма күні Porsche кейбір толығымен электрлі модельдердің шығарылымын кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Бұл — компанияның қиындықтарға тап болғанының тағы бір дәлелі.
Екінші тоқсандағы пайда айтарлықтай төмендеді, оған Қытайдағы негізгі нарықтағы қысым мен АҚШ-тағы салықтардың көтерілуі әсер еткен.
Компанияның айтуынша, стратегияны қайта қарау нәтижесінде биылғы операциялық пайда 1,8 млрд еуроға дейін төмендейді. Сонымен қатар, 2025 жылға жоспарланған рентабельдік (табыстылық) 2%-дан аспайды, ал бұл бұрын болжаған 5–7% аралығынан әлдеқайда төмен.
Кейбір сарапшылар бұл болжамның қысқаруын электромобильдерге сұраныстың әлсіздігі және іштен жанатын қозғалтқыштардың қолдану мерзімін ұзартуға қажеттілік аясында болуы заңды деп отыр.
Еуропадағы ең ірі автоконцерн Volkswagen (Porsche-тің 75,4%-ына иелік етеді) бұл қайта құрылымдауға байланысты 5,1 млрд еуро жоғалтатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Volkswagen пайда маржасына (рентабельдікке) қатысты болжамын 4–5%-дан 2–3%-ға дейін төмендетті.
Porsche де салықтан кейінгі пайда бойынша өз болжамын қысқартты.
Jefferies аналитиктерінің айтуынша, бұл — Porsche-тің биылғы үшінші рет болжамды төмендетуі, әрі соңғысы болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Volkswagen компаниясының кірісі 64% төмендеп, Қытайдағы зауытын жабатыны хабарланған еді.