Жұма күні Porsche кейбір толығымен электрлі модельдердің шығарылымын кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Бұл — компанияның қиындықтарға тап болғанының тағы бір дәлелі.
Екінші тоқсандағы пайда айтарлықтай төмендеді, оған Қытайдағы негізгі нарықтағы қысым мен АҚШ-тағы салықтардың көтерілуі әсер еткен.
Компанияның айтуынша, стратегияны қайта қарау нәтижесінде биылғы операциялық пайда 1,8 млрд еуроға дейін төмендейді. Сонымен қатар, 2025 жылға жоспарланған рентабельдік (табыстылық) 2%-дан аспайды, ал бұл бұрын болжаған 5–7% аралығынан әлдеқайда төмен.
Кейбір сарапшылар бұл болжамның қысқаруын электромобильдерге сұраныстың әлсіздігі және іштен жанатын қозғалтқыштардың қолдану мерзімін ұзартуға қажеттілік аясында болуы заңды деп отыр.
Еуропадағы ең ірі автоконцерн Volkswagen (Porsche-тің 75,4%-ына иелік етеді) бұл қайта құрылымдауға байланысты 5,1 млрд еуро жоғалтатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Volkswagen пайда маржасына (рентабельдікке) қатысты болжамын 4–5%-дан 2–3%-ға дейін төмендетті.
Porsche де салықтан кейінгі пайда бойынша өз болжамын қысқартты.
Jefferies аналитиктерінің айтуынша, бұл — Porsche-тің биылғы үшінші рет болжамды төмендетуі, әрі соңғысы болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Volkswagen компаниясының кірісі 64% төмендеп, Қытайдағы зауытын жабатыны хабарланған еді.