Португалия шетелдіктер үшін тұрғын үй сатып алу ережелерін қатаңдатты

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Португалия үкіметі тұрғын үй құрылысы саласында жаңа шаралар пакетін мақұлдады. Оның мақсаты жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыспен күресу. Оларды әлі парламент мақұлдауы тиіс, деп хабарлайды Euronews

Ұсынылған шаралардың ішінде тұрғын үй секторы көптен бері талап етіп жүрген жаңа салықтық ынталандыруға ерекше назар аударылды: құны 648 мың еуроға дейінгі тұрғын үй құрылысына ҚҚС мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендету. 6%-дық ҚҚС мөлшерлемесі болашақта жалға берілетін, жалдау ақысы 2300 еуродан аспайтын инвестициялық тұрғын үйлердің құрылысына да қолданылатын болады. Бұл соманы премьер-министр «Лиссабон, Порту және басқа да орташа жалдау құны жоғары аудандардың жағдайын ескеріп қабылданды» деп түсіндірді.

Португалия премьер-министрі Луиш Монтенегрудың айтуынша, Браганса немесе Фрейшо-де-Эспада-а-Кинтада тұратын адам үшін 2300 еуро қомақты қаражат болып көрінеді, бірақ екі-үш баласы бар отбасы Лиссабон немесе Портуда бұдан төмен жалдау ақысы бар үй таба алмайды. Оның сөзіне қарағанда, бұл «құрылысты және жалға алу нарығын жандандыру».

Монтенегру бұл режим 2029 жылға дейін қолданыста болатынын атап өтті. Оны бағалау ендігі үкіметтің үлесіне қалады.

— Сол уақытқа қарай бұл режим күткен нәтижені берді ме, жоқ па соны түсіне аламыз, — деді премьер-министр.

Сонымен қатар, жалға берушілер үшін жаңа салықтық жеңілдіктер де бекітілді. Атап айтқанда, «қолжетімді бағамен» жалға беруден түскен табысқа салынатын жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі.

Ал кейбір жалға алушылар үшін табыс салығынан жалдау шығындарын шегеру көлемі ұлғайтылады: келесі жылы ең жоғарысы 900 еуроға, ал 2027 жылы 1000 еуроға дейін. Бұл жеңілдіктерді «қолжетімді жалдау ақысы» бар тұрғындар пайдалана алады.

Тағы бір жаңа шара Португалияда тұрмайтын азаматтардың тұрғын үй сатып алуына салынатын жылжымайтын мүлік салығының күшейтілуі.

Сонымен қатар, үкімет «қолжетімді жалдау» ұғымын алып тастап, заңнамаға жаңа ұғымды енгізуді жоспарлап отыр «қолжетімді бағадағы тұрғын үйге қолжетімділік». Бұл шектеу тұрғын үйді сату кезінде 648 мың еуроны, жалға беру кезінде 2300 еуро болады. 

Айта кетелік Португалия басқа елдерден кейін Палестинаны мойындаған еді