АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалияның Алмада қаласында дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінде қос қазақстандық қыз «алтын» мен «күміс» алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әйелдер арасында Қазақстан тарихында тұңғыш рет қос қазақстандық қыз Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева 48 келіге дейінгі салмақта финалға шықты.
Аталмыш салмақта барлығы 19 дзюдошы бақ сынап, солардың арасынан Әбиба мен Ғалия қарсылас шыдатпады.
Финалда Ә.Әбужақынова вазари әдісімен чемпион атанса, Ғалияға күміс жүлде бұйырды.
Осылайша, алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын мен күміс медаль түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Португалияда өтетін Гран-при турниріне қатысатын Қазақстан дзюдо құрамасы анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).