Оның айтуынша, бүгінде жолаушылар пойыздарында 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар қызмет көрсету сапасын, пойыз қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауға, сондай-ақ түрлі оқиғалардың мән-жайын анықтауға көмектеседі.
- Егер жүйе оқиғаларды жазып алып, көрсетіп қана қоймай, қауіпті жағдайлар туралы дер кезінде ескертіп, тиісті шешім қабылдауға көмектесе алса ше? Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді Әнуар Ахметжанов.
Оның сөзінше, спутниктік байланыстың дамуы бейнеталдау технологиясын енгізуге техникалық мүмкіндік береді.
- Болашақта мұндай жүйе ықтимал қауіпті жағдайларды жылдам анықтауға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және тасымал жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Келесі жылы бейнеталдау жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма төрағасы.
Айта кетейік, бүгінде ұлттық тасымалдаушының 51 бағыт бойынша қатынайтын 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагон Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған. Жаңа байланыс жүйесі жолаушыларға интернет қызметін ұсынумен қатар, пойыз қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге және қауіпсіздікті арттыруға бағытталып отыр.