Премьер камераларды көлік жүргізу кезінде телефонға телмірген жүргізушілерді анықтауға бағыттауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

— Жол-көлік оқиғаларының негізгі бөлігі елді мекендерде орын алады. Айта кету керек, кейбір жол апаттарына көлік жүргізушілерінің ұялы телефондарды пайдалануы себеп болады. Жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуға тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камераның жұмысын тексеріп шыққаны жөн, — деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр жаяу жүргіншілермен болатын оқиғаларға бөлек тоқталды.

— Көп жағдайда оған жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болып жатады. Сондықтан жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажет. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатын жол апаттары да аз емес. Әкімдіктерге осындай учаскелерде бейнетіркеу жүйелерін орнату ауқымын кеңейтуді тапсырамын. Әсіресе білім беру ұйымдарының маңында кері санау таблосы бар заманауи бағдаршамдарды орнатуды қамтамасыз ету қажет. Ішкі істер министрлігі көшелердің қауіпсіз дизайны элементтерін енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеуге тиіс, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін екенін жазған едік.