Ақтөбелік клуб биыл бас жүлдеге қол созуды алдына мақсат етіп отыр. Десе де кейбір ойындарда қарсыласына есе жіберіп, ендігі бірінде тең нәтижеге қанағат білдіріп жүр. Олар бүгін жеңіске жеткен жағдайда турнир кестесінде бірінші орынға жайғасатын еді.
Кездесу барысында ақтөбелік клуб тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Жылдам гол соғуға ұмтылған оларға қызылордалық команда лайықты тойтарыс берді.
Ойынның 22-минутында «Ақтөбе» сапынан Арман Кеңесов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Олардың тарапынан бұдан кейін де есепті ұлғайтатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен оны пайдалана алған жоқ.
Екінші кезеңде ақтөбелік футболшылар есепті ұлғайтуға тырысты. Соған қарамастан қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Есесіне 60-минутта өз қақпасы маңында өрескел қателік жіберіп, оны қызылордалық командадан Горан Милойко пайдаланып кетті.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ 18 тамызда сырт алаңда «Тобыл» «Жетісуды» 3:0, «Ордабасы» «Шахтерді» 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Ал 17 тамызда «Елімай» «Тұранды» 6:0, «Қайрат» «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңді.